Қырғызстан билігі «Весна» қозғалысының мүшесі, белсенді Тимофей Илюшинді елден кетуге мәжбүрледі. Бұл жөнінде «Настоящее время» арнасы хабарлады.
Ол Бішкекте екі акция өткізгісі келген: бірі Ресейдегі саяси тұтқындарды қолдауға арналған, екіншісі Ресейдің Украинадағы соғысын айыптау туралы. Бішкекте милиция тергеуі кезінде Илюшин өзін Қырғызстан аумағынан кетуге міндеттейтін құжатқа қол қоюға мәжбүр болған. Қазір белсенді Алматыда жүр.
Жастығына қарамастан Тимофей Илюшиннің Ресейдегі қарсылық акцияларға қатысу тәжірибесі мол. Айтуынша, Навальный уланғаннан кейін Владимир Путиннің елді құрдымға апара жатқанын алғаш рет түсінген. Ол «Весна» жастар қозғалысына мүше болып, саяси тақырыптар бойынша жазбалар жариялай бастаған. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін соғысқа қарсы акция ұйымдастырған алғашқылардың бірі болды.
«Алғашқылардың бірі болып халықты көшеге шығуға шақырдым. Яғни, өзге белсенділер мен саясаткерлер сияқты жәй ғана «шығыңдар» деп қойған жоқпын. Нақты уақыты мен орнын көрсеттім. Бұл Твиттерде қатты таралды: бес сағат ішінде шамамен 300 мың рет қаралды. Сосын соғысқа қарсы митингіге барып, үйге қайтып бара жатқан кезде біреу қоңырау шалды. Телефонды көтерсем ар жақтан «Сәлеметсіз бе! Бұл ФСБ» деген дауыс естілді» деді Тимофей Илюшин.
Бұдан соң ол он күн әкімшілік қамауға алынып, ФСБ қызметкерлері оны өздеріне тартуға тырысқан. Бұдан соң Минск, Астана, Алматы арқылы Қырғызстанға қашқан. Ол маусымда Ресейден кеткен, ал 31 желтоқсанда Мәскеу облысындағы пәтерінде тінту болған. Оның айтуынша, күштік құрылым өкілдері әжесін көлікте таңға дейін ұстап, қолын ауыртқан. Немересі елге оралмаса, әжесіне қарсы қылмыстық іс қозғайтынын айтып қорқытқан.
Бішкекте Тимофей Илюшин жеті ай тұрып, жұмысқа орналасып та үлгерген. Бірнеше күн бұрын соғысқа қарсы және Ресейдегі саяси тұтқындарды қолдайтынын айтып, екі акция өткізу жөнінде екі өтініш берген. Бұдан соң оған қырғыз күштік құрылымдары назар аудара бастаған. Ол Бішкектің қалалық ішкі істер басқармасының экстремизм бойынша маманданған бөліміне күшпен жеткізілген.
Айтуынша, өзіне адвокат жібермеген. Қайдан келгенін, кім болып істейтіні туралы тергеген. «Түрмеде отырғың келе ме?» деп қоқан-лоқы жасаған. Бұдан соң жақын арада Қырғызстаннан кету туралы құжатқа қол қоюға мәжбүрлеген. Әйтпесе қылмыстық іс қозғап, Ресейге депортациялайтынын айтқан.
Бішкек қалалық милициясы Тимофейдің акция өткізу туралы өтінішінің орындалмауына «уақытша шектеулер» түрткі болғанын айтты. Ал белсенді айтқан құжат жөнінде түсініктеме берген жоқ.
Бішкек милициясының айтуынша, Илюшин «уақытында тіркелмей» Қырғызстан заңын бұзған. Сәйкесінше айыппұл салынған. «Кылым шамы» құқық қорғау орталығының өкілдері Илюшинді үйінен ұстап, милиция басқармасына әкетіп бара жатқанын көрген. Белсенді олардан кеңес сұраған.
Қазір Тимофей Илюшин уақытша Алматыда тұрып жатыр. Ол бұрынғыша Украинадағы соғысты Ресей билігінің қылмысы деп санайды және саяси қызметін жалғастыруға бекінген. Туыстарына жасалып жатқан қысымға қарамастан ол Ресейге барғысы келмейтінін айтады. Белсенді Қазақстанда да көрші елдегідей қиындықтар туындауы мүмкін екенін жақсы біледі.
KAZAKBOL.COM