Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұраған адамдар Қытай банкі алдына барды


Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қалған туыстарына араша сұраған бір топ адам 6 мамырда наразылықты Алматыдағы Қытай банкі ғимараты алдында жалғастырды.

Қытайда «заңсыз қамалған», із-түзсіз жоғалған немесе Қазақстанға өте алмай қалған туыстарының суретін ұстаған он шақты адам мекеме алдында «Бостандық», Қазақтар – террорист емес», «Бауырларымызды босатсын!» деп айқайлады. Олар кейбір талаптарын қытайша да жеткізді. Наразы топтың ішінде балалар да болды.

– Қытай Қазақстанды әлемде қауіп төндіретін 26 террор мемлекет қатарына жатқызған. Сондықтан кімде-кім Қазақстанға барса, терроршы болып саналады деп біздің туыстарымызды қамап, соттап қуғындап отыр. Енді бұл кісілердің айтатыны – егер Қазақстанға қазақтар барып келсе, терроршы саналады да, қытайлық барса, «дос мемлекетке барып келді» дейді екен. Бұл не деген теңсіздік! Олай болса, қазақтар Қазақстанға бара алмаса, қытайлар да келмей ақ қойсын. Қазақстанда Қытайдың мұнай компаниялары, ұлттық банктері, қонақүйлері, мейрамханалары бар. Онда олар не үшін жұмыс істеп тұр? Егер Қытай консулы жауап бермесе, біз күн сайын Қазақстандағы Қытайдың нысандарына атап айтқанда, банктеріне, қонақ үйлеріне, мейрамханаларына және қытайлықтардың Қазақстанда «заңсыз» ашып алған базарларына барып наразылық білдіреміз, – деді белсенді Байболат Күнболатұлы Азаттық тілшісіне.

Наразылар жиналып жатқанда ғимарат ішіндегілер сыртқы есікті жауып алды. Ол жақтан ешкім наразылар алдына шықпады.

– Қытай менің екі кішкентай қызымды әкесіз қалдырды. Олар әкенің кім екенін білмей өсіп келеді. Қытай біздің құқымызды таптап отыр. Туыстарымызды жазықтан-жазықсыз түрмеде қамап отыр. Біздің жақындарымызды көрмегелі міне, төрт жыл болды. Күйеуімнің өлі-тірісінен хабарым жоқ. Төрт жылдан бері дауысын естіп көрмедім. Қытай үкіметі алдап шақыртып алып кетіп, әлі жібермей отыр. «Қазақстанға неге бардың?», «неге қоныс аудардың?» деп кінәлап, терроризм деген жалған жаламен еш адвокатсыз, сотсыз тоғыз жылға түрмеге жіберген, – деді жиналғандардың бірі Бикамал Кәкен.

Ол Қытай билігіне қарата «Қытай, екі күн бұрын қайын жұртымның үйіне барып, күйеуімнің жазықты екенін, одан кейін сол түрмеде жазығын өтеп жатқаны туралы видео түсіріп кетіпсің! Сен өз қылмысыңды жасырып жатырсың. Жала жауып жатырсың, қылмысыңды жасыра алмайсың. Қылмысыңды бүкіл әлемге әшкерелейміз» деді.

Көшеде жүрген кейбір адамдар акцияға назар аударып, кейбірі видеоға да түсіріп алды.

Бұл азаматтар кеше, 5 мамырда да осында келген. «Қауіпсіздік бөлімінің басшысымын» деп өзін таныстырған адам «мәселелеріңіздің бізге қатысы жоқ» деп жауап берген болатын.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туысы «заңсыз» қамалған, із-түзсіз жоғалған немесе Қазақстанға өте алмай отырған адамдардың туыстары бірнеше жылдан бері Алматы, Нұр-Сұлтанда наразылық өткізіп, жақындарын қайтаруды талап етіп келеді. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы «саяси қайта тәрбиелеу» лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі «негізсіз айыптармен» ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.

Источник

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM