«Құда, құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген». Бұл ежелден келе жатқан қазақ салты. Дегенмен әр өңірде бұл салттың жөн-жоралғылары әрқалай. Осы ретте NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі шымкенттіктердің құдалық күту барысын бақылап қайтты.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласындағы Әділбековтер әулетінде үлкен қуаныш. Себебі шаңырақ иелері қыздары Ботагөзді қияға қондырып, Көкшетау тұрғындарымен құда атанып отыр.
Арғын жұртының табалдырығын аттап, келін атанған шымкенттік арудың туыстары жаңа құдаларын күтуге бірнеше апта бойы дайындалды.
Келісілген уақыт та келіп жетті. Сегіз адамнан тұратын құдалар тобы мыңнан астам шақырымды артқа тастап, Арыс қаласына келіп жетті. Бұл құдалықтың өзіндік ерекшелігі сол жаңа құдалар алыстан сапарлатып келгендіктен құдалық үш күнге жалғасты.
Таңертең ондар шамасында көкшетаулық келін атанған Ботагөздің өз шаңырағына жиналған туыстары жаңа құдаларын күтіп алды. Дастархан жайып, танысу шарасы өтті.
Қал-жағдай білісіп, танысқан екі жақ кең дастарханнан дәм тати отырып, небір қызықты сәттерді ортаға салып, бауырларша қызу әңгімеге кірісті.
Мұнан соң жаңа құдалардың ішіндегі әйелдер қауымы қыздың туыстарына алып келген жөн-жоралғыларын таныстырды.
«Енді әр елдің салты басқа деген бар ғой. Оңтүстік жұртшылығы — дәстүрді мықты бекінген халық. Біз жақта да дәстүрді берік ұстанатындар бар» деп әңгімесін бастаған бас құдағи алдымен қоржындарды көпшілікті ұсынды.
Ақмола облысынан келген құдалар бағзы салт бойынша тоғыз қоржын алып келген. Оның біреуі үй қоржыны, екеуі ағайынға, тағы екеуі қыздың нағашы жұртына арналған. Одан өзге қыздың бөлек шаңырақ құрған ағасына және сіңлісіне арнап тағы екі қоржын дайындап келген.
Сонымен қатар құдалыққа келген жамағат құр қайтпасын деген ниетпен екі «жай қоржын» алып келген. Әр қоржынның ішінде мата, сақина мен білезік секілді тоғыз түрлі зат салынған.
Тағы бір айта кетерлігі, қызын алып отырған көкшетаулықтар бас құдаға бағалы бөрік пен шапан жапса, құдағиға алтын сақина салып, басына орамал тақты.
Ал қыздың баруырларына, мәселен ағасы мен жеңгесіне жүзік сыйласа, үш сіңлісіне күмістен жасалған сырға мен жүзік жинағын табыс етті.
Қызын қияға қондырған ата-анаға қыздың өлі-тірісін өткізуге деп бұрындары мал әкелінсе, бүгінде жұртшылық оның құнын төлейтін болған. Оның қасына тәттілер салынған қоржын әкеледі.
Көкшетаулық құдалар да мұны ұмыт қалдырмады. Сондай-ақ, үй кілем әкеліп, оның ішіне бас құда мен құдағиды отырғызып көтерді. Солтүстік салты бойынша мұның маңызы өте зор екен.
«Қазақта кілемге ханды отырғызған. Біз құдаларамызды хандай көргендіктен осындай салтты жасаймыз», -дейді құдалар.
Қазақ салты бойынша құдалықтан келгендер құр шықпасын деген ниетпен құдалар он метр мата алып келеді. Оны келушілер өзара бөліп алып, «құдалық жұғысты болсын» деп үйлеріне алып кетеді.
Қазақ салтына сай әкелінген сый тарқатылған соң қыздың жеңгесі күйеу табақ қойып, төс тарту етеді. Салт бойынша оны күйеу бала сатып алуы тиіс. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, өз елінен келерде күйеу бала алып отырған жұбайының жеңгелеріне арнап «ентікпе» қоржынын дайындап келді.
Бұрындары «қалтақағар» сыйын күйеу жігіт (ішінде сақина, білезік, әтір және т.б болады) өз қалтасына салып келген. Бүгінде ол дүниелер арнайы қоржынға салып әкелінетін болған. Оның ішіндегі дүниелер күйеу жігіттің балдыз бен қайын інілерінің үлесі. Тағы бір атап өтерлігі, күйеу жігіттің балдыздары жезделерімен ойын ретінде аяқ киімін тығып қойса, күйеу жігіт оны қомақты қаржыға сатып алады.
Қазақ салты бойынша құдалықта «ұн жағар» рәсімі өтеді. Бұл кезде құдалыққа қатысушы барлық адамның бетіне ұн жағылады. Бұл екі жақты «құдаластыру мөрі» болып табылады.
Сондай-ақ құйрық-бауыр жегізіледі. Бұл жаңадан құда атанып отырған қалыңдық пен күйеу жігіттің туыстары енді бір-біріне бауырмашыл болсын деген ниетпен жасалады.
Мұнан соң екі құда төс қағыстырады.
Жаңа құда шаңырағынан шыққан құдалар енді қыздың ағайындары жайған дастарханнан дәм ауыз тиюге барды. Негізінде бұрындары Оңтүстік Қазақстан жақта құдалар ағайынның жеті үйін аралайтын. Демек, жеті шаңырақ дастархан жайып, құдаларды күтетін.
Бүгінде ағайындар бірігіп, құдаларды мейрамханада күтуді қолға алған. Бұл жолы да оңтүстікқазақстандық құдалар жаңа құдаларын осылайша күтіп алды.
Ал құдалықтың екінші күнінде қыздың нағашы жұрты жаңа құдаларды өз үйінде күтті. Арыстық қалыңдықтың екінші «Швейцария» атанып кеткен Түлкібастағы нағашы жұрты өз шаңырақтарында дастархан жайды.
Мұнан соң күнгейден келген қонақтарды табиғат аясына алып барып, құдалық ашық аспан астында жалғасты. Қуырылған балық, табиғат аясында пісірілген кәуап көкшетаулықтарды таң қалдырғаны сөзсіз.
Құдалыққа жиналғандар кеш қарауыта қалыңдықтың шаңырағына келіп жетіп, думанды кеш әрмен қарай жалғасты.
Үшінші күннің таңында қыз жұрты жаңа құдаларды шығарып салды.
Айтпақшы, қызын қияға қондырған шаңырақ құда атанғандарға кит-кәде таратуды естен шығармады. Жаңа құдалардың әрбіріне жағалы киім, мата, орамал мен костюм шалбар, көйлек сынды қажеттіліктер тарту етілді. Сонымен қатар қыз берген жұртшылық жаңа құдаларға қойдың бір жамбас еті ( пісірілген) мен тәттілерді, сонымен қатар сусындар салынған қоржынды туыстарына сәлемдеме ретінде салып жіберді. Ондағыларды еліне қайтқан құдалар өз туыстарына үлестіріп береді.
Осылайша қалыңдық пен күйеу жігіттің арқасында қазақтың орта мен кіші жүз жұртшылығы бір-бірімен құда атанып, өзара тарқасты.
Ерекше айта кетерлігі, құдалықты қыздың туыстары күткендіктен «ананың ақ сүті» кәдесі берілген жоқ. Кәденің ол түрі күйеу жігіт жақ қонақ еткенде сыйға тарту етіледі
KAZAKBOL.COM