Жол көлік оқиғасы, ондағы жол апаттары өздігінен орын алмайды, тиісті ережелердің қандайда бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Осындай әрбір оқыс жайтта — адамдардың өмірі, тағдыры мен денсаулығы тұрады.
Жол апатына ұшырататын, оның ішінде кісі өліміне әкеліп соқтыратын деректердің дені — автокөлікті аса жылдамдықпен басқарудан бөлек, рөлге мас халде отырған жүргізушілердің іс-әрекеті және оның салдарынан туындайды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты Патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Қала аумағында екі айда 199 жүргізуші мас халде көлік басқарғаны анықталды.
Жүргізушілерге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сай олардың мас халде екендіктері белгілі болды. Полиция қызметкерлері аталған жайттарды ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеуге алды.
Жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау үшін қалалық сотқа жолданды. Осылайша спирттік ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушілер сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Айта өтетін ақпарат, масаң күйде көлік басқарудың салдары – қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
KAZAKBOL.COM