Испания мемлекетінің Мальграт-де-Мар қаласында 2022 жылдың 11-20 мамыр аралығында ересектер арасында жауынгерлік джиу-джитсу бойынша Еуропа чемпионаты өтті. Жарысқа 17 мемлекеттің 350-ге жуық спортшысы қатысты.
Қазақстаннан барған спортшылар арасында Шымкент қаласы Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының аға инспекторы полиция майоры Ғалымжан Бақытұлы Қатбаев 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бәсекелесіп, 1 орынды иеленді. Сонымен қатар Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы аға сержант Қымбат Елеусізқызы Ахмет 50 келідегі салмақ дәрежесінде жеңімпаз болып бірінші орынды алды.
Қызмет пен спортты серік еткен сақшылар елдің қорғаны әрі мақтанышы. Айта өтсек, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалымжан Бақытұлы осы уақытқа дейін жауынгерлік джиу-джитсумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанып келеді. Ол бір емес бірнеше төсбелгілермен марапатталған: «Жауынгерлік джиу-джитсу халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Азия чемпионы», «Әлем чемпионы», «Қоян қолтық ұрысынан спорт шебері», «Қазақстан чемпионы және жүлдегері», «Джиу-джитсу күресінен спорт шебері».
«Жеңіс тек еңбекпен келеді. Мен осы саланы таңдағаныма, полиция болғанымды мақтан етемін. Спортты серік етіп, ұдайы жаттығып, еліміздің абыройын асқақтату мен үшін үлкен жеңіс. Жарысқа әр мемлекеттен келген спортшылар арасында топ жарып, өзіміздің Әнұранымыз шырқалғанда бойымды сондай мақтаныш кернейді»,-дейді Қымбат Елеусізқызы.
Алдағы уақытта спорт шеберлері ағымдағы жылдың 22-31 шілде аралығында Голландияда өтетін әлемдік полиция ойындарына қатысатын болады. Спортшыларымызға абырой мен жеңіс тілейміз.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
KAZAKBOL.COM