Сот кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың қамау мерзімін бір айға ұзартты. Бұл жөнінде жұма күні Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
Қайрат Боранбаев Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Оның ұсталып, екі айға қамалғаны наурыз ортасында белгілі болған. Боранбаев Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің қатарына кіреді.
Байлығы – 519 миллион доллар. Ол 2000-2002 жылдары «ҚазТрансГаз» компаниясының атқарушы директоры және «Intergas Central Asia» коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары «ҚазРосГаз» компаниясының бас директоры болды.
Ол елдегі ірі қонақ үйлері мен сауда орындары және өзге де ірі нысандардың иесі.
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақындары мен айналасындағы шенеуніктер мен кәсіпкерлер түрлі себеппен қызметтерінен шеттетіліп, ықпалынан айырыла бастаған.
KAZAKBOL.COM