Сейсенбіге қараған түні Киев қаласы әуе шабуылына тап болды. Украина астанасы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Попконың айтуынша, Киевке бір уақытта түрлі бағытта қанатты зымырандар, тіпті баллистикалық түрге жататын зымырандар атылған, дрондар шабуылдаған.
Попко аз уақыттың ішінде бірнеше зымыранның атылуын бұрын болмаған жойқын шабуыл деп атаған. Алдын ала мәлімет бойынша, зымырандардың дені жойылған.
Киев мэрі Виталий Кличко зымыран қалдықтарының Киевтің Соломенск, Шевенко, Святошинск, Оболонь және Дарницк аудандарына құлағанын хабарлады. Соломенск ауданында шабуылдан үш адам зардап шеккен. Шевенко ауданында атып түсірілген зымыран қалдықтары хайуанаттар бағы аумағына түскен. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Бірнеше атвокөлік өртенген.
Мамыр айында осымен сегізінші мәрте Киевке әуеден шабуыл жасалып отыр. Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың айтуынша, Ресей астананы атқылау үшін әуе, теңіз және құрлықта пайдаланылатын әртүрлі 18 зымыран қолданған.
Алты МиГ-31К ұшағынан алты «Кинжал» гипердыбыс зымыраны, Қара теңіздегі кемелерден тоғыз «Калибр» зымыраны және құрлықтағы «Ескендір-М», С-400 жүйелерімен үш зымыран атылған. Залужный мәлімдемесі сейсенбіге қараған түні телеграм-арнада жарияланды. Қолбасшының айтуынша, Ресей армиясы шабуылға «Шахед» дрон-камикадзелерді де қолданған.
Залужныйдың мәлімдеуінше, 18 зымыран және дрондар Украина әуе қорғанысы жүйесімен жойылған.
Ресей қорғаныс министрлігі ешқандай мәлімет таратпады. Құзырлы орган осы уақытқа дейін Киевке жасалған шабуылдар туралы ешқандай мәлімет берген емес.
KAZAKBOL.COM