Түркіменстан билігі әйелдерге шетелге шығуға тыйым салу мәселесін қарап жатыр. Осылай деп Азаттықтың түркімен қызметі үкіметтегі екі бірдей дереккөзіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Әйелдерге шетелге шығуға тыйым салу жөніндегі шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ бұл мәселе қазір Халық мәслихаты төрағасы қызметін атқарып жатқан бұрынғы президент деңгейінде талқыланып жатыр. Бұл шектеудің тек шетелде емделуге мәжбүр болған әйелдерге қатысы болмайды. Егер шешім қабылданса, қыздарға да шетелге оқуға тыйым салынады», — деді дереккөз.
Ол мұндай шешім қабылдауға «әйелдер шетелге шығып, елдің беделіне нұқсан келтіріп жатыр» деген пікір себеп болғанын айтады.
«Сыртқы істер министрлігі мен Түркіменстанның миграция қызметінде шетелде түркімен азаматтары тарапынан жасалынатын қылмысты бақылайтын бөлім бар. Бұл бөлім соңғы екі жылда шетелде түркімендердің қатысуымен жасалынатын қылмыс көбейгені жөнінде есеп берген. Әсіресе түркімен қыздары жезөкшелікпен айналысады деген. Бірақ ешкім жақсы өмірден мұндайға бармайды ғой», — дейді дереккөз.
Соңғы жылдары Түркіменстанда әйелдерге қойылған көп шектеулерге наразылық өсіп жатыр.
KAZAKBOL.COM