Украина үкіметі елдің Еуропа одағына қосылу жөніндегі сауалнаманы толтырды. Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Игорь Жовква осылай деп мәлімдеді.
Ресей басқыншылығы басталғалы бері Украинаға алғаш рет 8 сәуірде келген ЕО өкілдері президент Владимир Зеленскийге елдің Еуроодаққа мүше болу өтінішін қарастыруға қажетті сауалнама қағазын тапсырған. Сол кезде Зеленский бұл құжатты Киев бір аптадан соң өткізе алады деп мәлімдеген.
Құжатты украин жағы рәсімдеді, енді Киев соған қатысты кеңестерді күтеді, сосын «доп ЕО жағына түседі», деді Жовква. Шенеуніктің айтуынша, Еуропа комиссиясы Украинаның Еуроодаққа мүше болуға қатысты талаптарына қаншалықты сай екенін анықтап, кеңестерін ұсынады. Украин үкіметі Еуропа одағының жиналысында Украина ЕО-ға мүше болуға үміткер ел мәртебесін алады деп болжайды. Одақ жиналысы маусым айында өтеді.
Ресей басқыншылығына ұшыраған Украина 28 ақпанда Еуроодаққа жылдам жолмен кіруге өтініш тапсырды. Кейінірек Еуропарламент депутаттары алдында сөйлеген президент Владимир Зеленский Ресей агрессиясына қарсы күресте мыңдаған отандасынан айрылған украналықтар ЕО елдерін Украинаны қолдау үшін бірігуге көндіре алды деп мәлімдеді. Мемлекет Еуропаны таңдады және теңқұқылы еуропалық ұлт атану үшін Еуропа одағына кіргісі келеді, деп мәлімдеді Зеленский.
11 наурызда ЕО-ның Версальдағы саммитінің қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында Франция президенті Эммануэль Макрон еуропалық блок Украинаның ЕО-ға қысқа жолмен қосылуға «жоқ» деп жауап береді, өйткені бұл ел соғысып жатыр деп мәлімдеген.
3 наурызда ЕО-ға қосылу өтінішін рәсімдеп жатқанын Грузия мен Молдова да жариялады.
Екі елдің де, Украина секілді, даулы жері бар. Бұл аумақтарды өз дербестігін Ресей қолдауына сүйене отырып жариялаған, бірақ әлемдік қауымдастық мойындамаған республикалар басқарады. Молдова да, Грузия да Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын сынағанымен, аса сақ қимылдап отыр. Екеуі де батыстың Ресейге қарсы санкцияларын орындағанымен, Кремльге қарсы дербес санкцияларын енгізген жоқ.
KAZAKBOL.COM