Көрнекі фото: ScienceBlog.Ru
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев кәмелетке толмағандармен мұсылман әдет-ғұрпы бойынша неке қиюға тыйым салатын заңға жұма күні қол қойған деп хабарлайды Азаттық.
Заң кәмелетке толмағандардың қатысуымен діни әдет-ғұрып бойынша неке қиюға тыйым салу арқылы кәмелетке толмағандармен некеге отыруға жол бермеу мақсатында қабылданған.
Жаңадан енгізілген заң өзгерістеріне сәйкес, діни қызметкерлер мен кәмелетке толмағандардың ата-аналары мемлекеттік органдардың тіркеуінсіз кәмелетке толмағандардың некесін қиғаны немесе ондай рәсімге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Статистикалық мәліметтер бойынша, Қырғызстанда жас қыздардың 15 пайызы 18 жасқа дейін, ал бір пайызы – 15 жасқа толмай тұрмысқа шығады.
Қырғызстан омбудсмені институты өкілдерінің айтуынша, елде, әсіресе ауылды жерлерде әйелдердің көбі құқықтық сауаттылық деңгейінің төмендігі салдарынан, ресми тіркелген неке мен діни салт-дәстүр бойынша неке қиюдың айырмашылығын білмейді.
Олар діни жолмен қиылған неке әйелге күйеуі қайтыс болғанда мұрагері болуға немесе онымен ажырасқан жағдайда мемлекет тарапынан материалдық жәрдем алуға заңды құқық пен негіз бермейтіні туралы хабарсыз болып шығады.
KAZAKBOL.COM