10 наурызда қырғыз-тәжік шекарасында қару қолданған оқиға бойынша екі тараптың шекарашыларының сөйлесуі аяқталды. Бұл туралы Қырғызстанның шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысының шекара қызметкерлері кездесу нәтижесінде төмендегідей шешімге келген:
— Әр тарап қару қолданған оқиға бойынша тергеу жүргізеді. Алдын ала қорытындысы 12 наурызда жоспарланған кездесуде айтылады.
— Әр тарап шекараға жақын тұратын тұрғындармен түсіндіру жұмысын жүргізеді.
10 наурызда қырғыз-тәжік шекарасында қару қолданған оқиға тіркелгенін Қырғызстанның шекара қызметі хабарлаған. Мекеме мәліметіне қарағанда, сағат 10:50 шамасында тәжік шекарашылары Баткен ауданы Тескей деп аталатын даулы аймақта өтіп бара жатқан қырғыз шекарашыларынан ол жерден дереу кетуді талап етіп ауаға оқ атқан.
Тәжік шекарашыларына қосымша әскер жәрдемге келген. Бірақ қырғыз тарап жағдайдың ушығуына жол бермеген.
Оқ ату он минөтке созылған. Азаттықтың тәжік қызметінің дереккөзі бойынша, оқ ату кезінде бір шекарашы қаза тауып, тағы бір адам жараланған.
KAZAKBOL.COM