Қырғызстанның шекара қызметі Ош облысы Чон-Алай ауданы Унжу-Булак елді мекеніне жақын қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай ушыққанын хабарлады.
Шекара қызметінің түсіндіруінше, тәжік тарабы «қырғыз-тәжік шекарасында делимитация және демаркация жүргізу мәселесі бойынша үкіметаралық делегация арасында жасалған барлық келісімді» бұзғып, қырғыз жағына қарай бір шақырым жылжып, контейнерлер орнатқан. Жағдай сол себепті ушыққан. Тәжік жағы оқиға орнына әскер мен әскери техника да әкелген.
«Қырғыз жағы екі тараптың шекара қызметі деңгейінде жағдайды реттеу үшін шара қолдануға тырысып жатыр. Алайда Тәжікстанның шекара өкілдері телефондарын алмайды. Аумаққа әкелінген Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің шекара қызметі бөлімшелері күшейтілген режимге көшті» делінген баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.
Тәжікстан тарабы әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне делимитация және демаркация жүргізілген.
Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.
28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалдан 50-ден астам адам қаза болған, жүздеген адам зардап шеккен. (Қырғыз жағы 36 қырғыз азаматы, тәжік тарабы 19 адамның опат болғанын хабарлады). Екі жақ бір-бірін жағдайды ушықтырды деп айыптап, қылмыстық істер қозғаған.
KAZAKBOL.COM