Үндістан — Орталық Азия саммиті 27 қаңтарда видеоформатта өтеді. Бұл туралы ТАСС Үндістанның сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
«Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан президенттерімен бірге 27 қаңтарда алғашқы Үндістан — Орталық Азия саммитін виртуал форматта өткізеді», — делінген Үндістанның сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.
Саммитте Үндістен мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасын дамытуға бағытталған қадамдар, аймақ қауіпсіздігі мәселелері талқыланады.
Орталық Азия елдерінің басшылары 26 қаңтарда Республика күніне орай ұйымдастырылатын әскери шерудің құрметті қонағы болуы тиіс еді. Үндістандық баспасөздің хабарлауынша, үкімет Орталық Азия елдерінің басшыларына шақырту жолдаған, алайда коронавирусқа қатысты жағдай күрт нашарлап кетуіне байланысты жоспарды өзгертуге тура келген.
KAZAKBOL.COM