Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

2011 жылдан бері елімізде қандай терактілер болды? (фото)

KAZAKBOL.COM
Белгісіз топпен қақтығыс кезіндегі арнайы полиция жасағы. Алматы, 30 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Бесінші маусым күні Ақтөбеде болған атыс жұртты есеңгіретті. Осы орайда 2011 жылдан бастап елімізде болған бірқатар терактілерді NUR.KZ порталы lenta.ru сайтына сілтеме жасап назарларыңызға ұсынады.

Алматы, сәуір

2011 жыл — еліміз үшін терактіге толы ең шулы жылдардың бірі болды. Аталмыш жылдың сәуірінде Алматыдағы пәтерлердің бірінде жиналған қылмыстық топты құрықтау кезінде тоғыз арнайы бөлім сарбаздары жарақат алған болатын.

Ақтөбе, мамыр

Мамырда Ақтөбеде Рақымжан Махатов есімді тұрғын өзін ҰҚК мекемесінің алдында жарып жіберген болатын. Үш адам жарақат алып, Махатовтың өзі қаза болған. Бас прокуратура өзін жарған азамат «қылмыстық топқа қатысы бар» деп айыпталғаны үшін осылайша жазадан құтылмақ болғанын алға тартты.

Тараз, қараша

Таразда 2011 жылы 12 қарашада орын алған қайғылы оқиғаны халық бүгінге дейін ұмыта қойған жоқ. Жихадшылардың қолымен жасалған қылмыс салдарынан жеті адам ажал құшты. Оның бесеуі құқық қорғау органдарының қызметкерлері болса, екеуі — қарапайым азаматтар. Сонымен қатар үш тәртіп сақшысы жарақаттанды.

Фото: inform.kz

Лаңкестерге қарсы тұрған «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасов қаза тапқан жерде, Тараздың орталығында орналасқан Қазыбек би көшесінде тұрғындар жылда гүл шоқтарын қояды.

«Тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін жандарын пида етті. Лаңкес бейбіт азаматтарға оқ жаудыра бастағанда, Ғазиз Байтасов ойланбастан оларды құтқару үшін өзін құрбан етті», — деді Жамбыл гарнизонының басшысы.

Фото: inform.kz

Байтасовтан бөлек полиция қызметкерлері Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітов те ерлікпен қаза тапқан болатын.

Астана, мамыр

Кейінірек, мамыр айында тағы бір жанкешті Астанадағы ҰҚК тергеу оқшаулағышында көлікті жарып жіберді. ІІМ бұл екі жайттың бір-бірімен байланыспайтынын айтып, Астанадағы жайтты террорлық акт ретінде қарастырмады.

Ақтөбе, шілде

Полиция қызметкерлерін осы жерде атып кетті. Ақтөбе облысы, Шұбарши ауылы. 1 шілде 2011 жыл.

Ақтөбенің Шұбарши ауылында шілде айында белгісіз біреулер полицейлердің көлігіне шабуыл жасап, екі патрульдық полицейді атып тастады. Болжамдардың бірі бойынша шабуылды экстремистер жақтаушыларын құрықтағанына кек алу үшін ұйымдастырған. Журналистер болса, жергілікті тұрғындардан аталмыш өңірде «сақалдылар» көптеп кездесетінін анықтаған.

Қылмыскерлерді бірден құрықтау мүмкін болмады. Олардың соңына түскен жауынгерлердің бірі қаза тапты. Аймаққа Алматыдан арнайы бөлімдер көмекке келді. Іздеу шаралары барысында Кеңқияқ ауылында аталмыш экстремистер табылып, оларды құрықтау кезінде жауынгерлердің бірі қаза болды. Ал тоғыз экстремистің көзі жойылды.

Атырау, қазан

Қазан айында Атырауда екі жарылыс болды. Бірі — әкімдік мекемесінің алдында, екіншісі — тұрғын алабында. Салдарынан жанкешті қаза болды. Бұл жарылыстардың теракт екенін билік мойындап, оған «Халифат сарбаздарының» қатысы барын алға тартты. Аталмыш топ елімізде жиһадты өркендету үшін құрылған болатын.

Алматы, желтоқсан

Алматы облысының Боралдай кентінде қылмыстық топты құрықтау кезінде жүрген арнайы жасақ сарбаздары. Алматы, 4 желтоқсан 2011 жыл.

Алматыда желтоқсан айында ҰҚК арнайы бөлімі Боралдай ауылындағы қарулы топты құрықтаймын деп екі жауынгерінен айырылды. Бұған дейін қараша айында аталмыш топтың мүшелері екі полицейді атып тастаған болатын.

2011 жылдың қарашасында қазақстандық саясаткер Марат Шибұтов барлық терактілер дағыстандық сценарий бойынша жүргізілгенін мәлімдеді: экстремистердің көздегені — мемлекеттік қызметкерлер мен қарулы күштерге соққы жасау.

2012 жыл

Алматы, шілде

Терроризмге қатысы болуы мүмкін бес күдіктімен атыс болған көше. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 17 тамыз 2012 жыл.

Алматыдағы Қарасай ауданының Тау Самал кентінде шілденің 10-ынан 11-іне қараған түні Сейфуллин көшесі бойында орналасқан 98-үйде жарылыс болады.

Төтенше жағдайдың салдарынан оқиға орнында жеті адамның, оның ішінде екі баланың өртеніп кеткен мәйіттері табылды.

Алматы облысы, тамыз

Игорь Захаропулоның Іле Алатауы ұлттық паркі аумағынан табылған Nissan Patrol көлігі. Көлік ішінен қан іздері табылған.

Тамыздың 13-і күні Іле-Алатау мемлекеттік саябағы аймағында орналасқан бір қорықшының үйінде бес адамның мәйіті табылса, екінші қорықшы үйінің өртеніп кеткені анықталған.

Сол жерде үйінділердің арасынан алты адамның жансыз денесі табылған болатын.

Панайот Захаропуло (сол жақтан бірінші). Алматы облысы, Іле Алатауы ұлттық паркі, 13 тамыз 2012 жыл.

Тергеушілер «2012 жылдың шілдесінде Тау-самал кентіндегі тұрғын үйдегі жарылыстан кейін террористер Іле Алатауы ұлттық бағына барып жеркепе қазып алған» деген болжамға тоқтайды.

Олар алты әйелді балаларымен бірге күшпен ұстап, жеркепеде шамамен шілденің 20-сынан тамыздың 12-сіне дейін тұрған деген жорамал жасалды. «Террористердің бірінің әйелі жеркепеде босаныпты» деген де хабар тарады.

Алматы түбіндегі Бағанашыл кенті, тамыз

Терроризмге қатысы болуы мүмкін бес күдіктімен атыс болған көше. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 17 тамыз 2012 жыл.

Он жасар Ислам 2012 жылы тамыздың 17-сі күні Бағанашыл кентіндегі қарулы топқа қарсы арнайы операция кезінде қаза тапты.

Билік «олар — террорист болған» деген болжам айтты. Сол жолы қаза тапқан 13 адамның екеуі — бала. Оның бірі — он жасар Ислам.

Ал екінші бала туралы ешкім тіс жармайды. Қаза тапқан баланың анасы — содан бір ай бұрын Тау-самалдағы жұмбақ жарылыс кезінде, ал әкесі Бағанашыл операциясы кезінде қаза тапқан.

Қарулы топты ұстау кезінде атыс болғаны интернетке шыққан видеода да бар. Арнайы жасақтың бір сарбазы жараланғаны ресми хабарланды.

Бас прокуратура «Беріліңдер» деген бірнеше мәрте ескертуден бас тартқан террористер арнайы бөлімше қызметкерлеріне оқ жаудырды» деп мәлімдеді.

Еске сала кетейік, кеше Ақтөбе орталығында қаруланған топ әскери бөлім мен қару-жарақ сататын дүкенге шабуыл жасап, алты адам қаза тапты. Оның екеуі — құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Осыдан соң, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды өте сақ болуға шақырып, антитеррорлық операциялардың жалғасып жатқанын жеткізді.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі  Ақтөбеде болған оқиғаға радикалды діни бағыттағы топтардың қатысы бар  екенін растады.

Бүгінде Ақтөбе қаласы мен облысы аумағында интернет желілері өшіріліп, барлық дүкендер жабылды деп хабарлады аймақтағы NUR.KZ тілшісі. Қалада көлік азайып, әскерилер мен тікұшақтар көбейген.

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM