Ақтөбе облысы Темір ауданының əкімі Бауыржан Қаниев журналистерге берген есебінде имамдардың жағдайын жасап жатқанын айтып, мақтанды.
Бауыржан Нұрғалиұлы бір аудандағы 2 имамға үй, 3 имамға машина алып берген деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.
«Имамдарды ұстап тұру үшін үй, машина беріп жағдайларын жасадық. Басқа ағымда жүрген 60 адам көзқарасын өзгертті. Үш адам сыбаға бағдарламасына тартылды. Бұрын «харам, несие алуға болмайды» дейтіндерге бұл жағдай қалып барады», — дейді Темір ауданының əкімі Бауыржан Қаниев.
Əкім ауданда 350 адамның жұма намазға баратынын айтты. Діни жағдайды жасырғаннан ахуалды ушықтырып алғандарын да жасырған жоқ. Оларды ашып айтып, жұмыс жасау керек деген əкімнің өзі қанша адамның басқа ағымда жүргенін жасырып қалды.
«Дін саласында жүргендерді жасырдық. Бұл бір күнде келген нəрсе емес. 10-15 жылдан бар жағдай. Енді оның кесірін көріп жатырмыз. Мысырда медресседе оқып жатқан 10 адамның 5-еуі қайтып оралды», — деді Қаниев.
Сонымен қатар, əкім үш жылда мемлекеттен бір тиын алмағанын да айтып кетті. Ауылдағы мұнайшылардың мың долларға дейін жалақы алатынын атап кетті. «Жалпы ауданда жағдай жақсы» деген əкім өмірді проблемасыз елесте алмайтын болып шықты.
«Проблемасыз ештеңе болмайды. Проблема болмаса өмір қызықсыз», — дейді Қаниев.