Ақтөбе облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 3 қыркүйекте Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобус өрті бойынша қылмыстық істі қарай бастады.
Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, өртенген автобус сотына Өзбекстаннан 11 адам келген. Солардың бірі – Юлдузхан Ганиева Ресейді бетке алған автобуста ұлы Адхам Магруфжонов пен немересі Авазбек Магруфжоновтың болғанын айтады. Екеуі де қаза тапқан.
Серік Махамбетов соталды тергеуі мемлекеттік тілде өткендіктен сот процесінің де қазақ тілінде жүргізілетінін хабарлаған. Жәбірленуші тарап өздерінің қазақ және орыс тілдерін түсінбейтіндерін айтып, өзбек тілін білетін аудармашы талап етті. Осыған орай сотта түске дейін үзіліс жарияланды.
Ақтөбедегі сотқа Қазақстанның оңтүстігінен айыпталушылардың туыстары да келген.
Бұл қылмыстық іс бойынша сот алдында бес адам жауап береді. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – «Азия транзит сервис» фирмасының құрылтайшысы мен механигі. Автобус жүргізушілері – Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 2018 жылдың 26 қаңтарынан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Ал «Азия транзит сервис» компаниясының жетекшісі мен механигі кепіл төлеп, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.
Тергеу дерегінше, фирма құрылтайшысы «заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады» деп айыпталған. Ал механикке «ақауы бар автобусты жолға шығарды» деген айып тағылған.
Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент — Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.
KAZAKBOL.COM