Атырауда екі бірдей полиция қызметкері сотталды.
Аға лейтенант Аманжан Досжанов пен сержант Аслан Дүйсенов қызметін асыра пайдаланып, адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін айыпты деп танылды.
Қос полицей енді 6 және 5 жылын темір торда өткізуі тиіс деп хабарлайды КТК арнасы.
Бұл оқиға өткен жылы тамызда болған. 24 жастағы екі полицей бір топ жастарды ұстап, қолдарында нақты дәлелдері болмаса да, қылмыстық жауапқа тартамыз деп қорқытқан. Істі жабу үшін 400 мың теңге әкелуді талап етеді.
Ақыры қызыл жағалылардың қысымына шыдамай, ұсталғандардың бірі – Антон Марков асылып қалған. Марқұмның денесі соққылардан көгала қойдай боп кеткен екен. Жұдырығы жуан қос тәртіп сақшысы да көпке бармай тұтқындалған.
«Әрине, көбірек жаза алғандарын қалап едім. Бірақ түрмедегі 6 жыл да олар үшін аз болмас. Егер апелляцияға арыз берсе, мен де қарсы шағым түсіремін. Олардың түрмеден уақытынан бұрын шықпауы үшін барымды саламын», — дейді Антонның анасы Алла Маркова.
KAZAKBOL.COM