Әйгілі айтыскер ақын, «Асыл арна» телеарнасының Бас директоры Мұхамеджан Тазабек «Тазабектің үйінде 20 уахабиспен бас қостық» деп сұхбат берген Мекемтас Мырзахметовке журналистің осы орайдағы сұрағынан кейін жауап берді.
«Бұл — осыдан 11 жыл бұрын болған оқиға. Шорабек Айдаров деген үлкен айтыскер ақынның елуге толған мерейтойынан кейін Шөкеңнің достарын, шәкірттерін үйге қонаққа шақырған едім. Ол жерге келген Шорабек ағамыздың өнердегі шәкірттері, асабалар және қызмет етіп жүрген күйеу балаларым. Сол тойға қатысқандықтан, Мекемтас ағамызды да «үйден шай ішіп кетіңіз» деп үйге шақырдым. Отымның басына, бала-шағамның қасына Мекемтас ағамызды үлкен ақсақал деп шақырдым, — деді Мұхамеджан Тазабек «Алматы» телеарнасындағы «Өткір тіл» бағдарламасына берген сұхбатында.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабектің айтуынша, ол жерде ешқандай діни уағыз айтылмаған. Тіпті ол жерге жиналғандардың көпшілігі намаз оқымайтындар екен.
«Біз қазір діни ғұламаға мұқтажбыз. Ақсақалға мұқтажбыз. Дастарханда бата беретін ақсақал көп. Бірақ ажырасайын деп жатқан екі жасқа ақыл айтатын ақсақал жоқ. Шапан киіп, шалқып төріңде отыратын шал бар, бәтуәлі сөз айтып, дұрыс жол нұсқайтын қарияға мұқтаж боп отырмыз. Кеше зиялыларымыздың, қаймақтарымыздың қырылып кеткені сондай, Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды, әлі есімізді жия алмай келе жатырмыз. 5 мың теңгенің тамағын берсе, жастарымыздың шешініп кететін қасіретін көріп отырмыз. Жұрт зиялы қауым деп отырған кісілер болмайтын тақырып үшін бір-бірінің бетінен алып, өзінен кейінгілерге үлгі көрсете алмайтын зиялылардың замандасымыз. Жұрт ақсақал деп үлгі тұтып, бетіне қарап отырған ақсақалымыз осылай көзіңді бақырайтын қойып жала жауып, өтірік айтатын заманның куәгеріміз», — дейді Тазабек.
Бірақ Мұхамеджан мырза Мекемтас Мырзахметовті бұған дейін де сыйлағанын, бұдан кейін де сыйлай беретінін айтқан. Себебі, «Асыл арна» телеарнасының Бас директоры яссауитанушы ғалымның көп жылдардағы әдеби-тарихи еңбектерін өте жоғары бағалайды екен.
KAZAKBOL.COM