Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

Мектептегі жарылыстан көз жұмған шымкенттік мұғалімнің отбасы ауыр халде өмір сүруде

KAZAKBOL.COM

Көмекке зәру отбасы. Фото: NUR.KZ

Ақпан айының соңғы күндерінде Шымкентте мектеп дәретханасын жөндеу кезінде орын алған жарылыстан көз жұмған дене шынықтыру пәні мұғалімінің отбасы әлеуметтік көмекке мұқтаж деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Мұғалім Сержан Ізбасовтың артында жұбайы мен үш перзенті қалды. Оқыс оқиғадан көз жұмған оқытушының жары Әмина Тұрғанбаева қазіргі таңда жұмыссыз. Перзенттері балабақшаға бармайды. Ұлдың үлкені 5 жаста, қызы 3-те, кенже ұлы 1,5 жаста.

Пәтердің ай сайынғы жалға алу ақысы коммуналдық қызметтен бөлек 20 мың теңгені құрайды. Баспана қаланың шетінде орналасқан, жол, газ деген жоқ. Өзі жұмыссыз отырған әйел алдағы уақытта оны төлеу де бір мұң болғалы отыр деп алаңдайды.

Себебі бұған дейін бұл отбасында тек отағасы ғана табыс табатын. Оның өзі таза қолына 30 мың теңге ғана алып келіпті. Себебі кезінде бір танысы мұғалімнің атынан несие алып, кейін оны төлемей қойған. Банк алдындағы берешекті мұғалім өз жалақысынан төлеп келген.

Жанұясын асырау  үшін марқұм көзі тірісінде жұмысынан тыс уақытта жүк көтеріп, құрылыс басында да жүріп жалдамалы жұмыспен қосымша нәпақа тауып келген.

«Кейде нанға ақша таппай, тек пияз қуырып жеп жүрген кездеріміз болды. Қазір ешкімнің ешкімге жаны ашымайтын заман ғой. Туыстардан көмек күтпейтінбіз. Олардың да өз үй-жайлары бар. Жолдасым қайтыс болған соң туыстарымыз екі тонна көмір түсіріп берді. Оған да рахмет. Сержанның ағалары апта сайын бейсенбілік асын өткізіп беріп отыр. Ал мектептегілер жерлеу рәсімін өткізіп берді. Жетісіне де көмек берді», — деген 25 жастағы келіншек бәрінен де балаларының көңілін аулау қиынға соғып отырғанын айтты.

«Сержан алтын адам болатын. Ешкімге зияны жоқ еді. Балаларын ерекше жақсы көретін. Өзі киім киіп, тамақ ішпесе де бірінші кезекте балаларымның қарны тоқ, көйлегі көк болсын дейтін. Күн сайын балалары әкесін сұрайды. Әсіресе қызым жылап, сұрақтың астына алады. Шынымды айтсам, оларға не айтарымды да білмеймін. Психологтың көмегіне жүгінсем бе деп отырмын енді», — деді көзіндегі жасын жасыра алмаған келіншек.

Күйеуінен айырылған келіншек ешкімге кінә артпаймын дегенді алға тартты.

«Мектеп директорының міндетін атқарушы келіп, «кінә менен болды» деп кешірім сұрады. Дәнекерлеуші де келіп, кешірім сұрады. Кеткен адамды қайта тірілте алмаймыз ғой. Кешірімімді бердім. Дәнекерлеушінің де отбасы біз секілді нашар тұрады екен. Екі баласы бар. Әйелі мен секілді қиналып қалмасыншы деймін. Не дегенмен отбасында ер азаматтың орны бөлек қой, бірден білінеді», — деген әйел сот отырысы кезінде айыпталушыларға жазасын жеңілдетуін сұрайтынын айтты.

Марқұм жолдасы жұмыс істеген мектеп пен білім бөліміндегілер қазіргі күнге дейін қолдарынан келгенше көмекті беріп келеді екен. Тек білім саласындағы қызметкерлер емес, аталған мектептің ата-аналары да келіншектің үйіне келіп, ас-ауқатын әкеп беруде. Ал қалалық білім бөліміндегілер жалғызбасты ананы жұмысқа кіргіземіз, ал балаларын балабақшаға орналастырып береміз деп уәде беріпті. Тек үш баласының анасы бұл уәде құрғақ сөз болып қалмаса екен деп тілейді.

«Өзім математика пәні бойынша оқытушымын. Колледжді бітіргенмін, қазір жоғары оқу орнының үшінші курсында оқимын. Білім бөліміндегілер жұмысқа тұрғызып береміз деді. Бірақ нақты қай уақытта екенін айтқан жоқ. Әзірге сөзбен ғана шектеліп отыр»,-деді Әмина Тұрғанбаева.

25 жастағы жалғызбасты ана жергілікті әкімдік пен «Нұр Отан» паритясының қалалық филиалындағылардан көмек сұраған. Тіпті Шымкент әкімінің қабылдауына да жазылған. Алайда шенеуніктердің жұмыс орнында болмауына байланысты, кіре алмай кеткен.

«Әлеуметтік көмек сұрап жан-жаққа хат жаздым. Шымкент әкімінің қабылдауына жазылдым. Бір апта болды. Ондағылар бір айдың ішінде хабар береміз деді. Күтіп отырмын. Әйтеуір жұмысқа тұрып, балаларымды ешкімнен кем етпей өсірсем деймін. Ол үшін бірінші кезекте жұмыс керек қой. Баспанасыз да қиын», — деген Әмина күйеуі көзі тірісінде, яғни, 2015 жылы баспанаға кезекке тұрғанын айтты.

Өкініштісі, жолдасының көзі кеткен соң ол кезек есепке алынбайды екен. Енді өзі қайта құжат жинап, кезекке тұруы қажет. Үш баласымен жалғыз қалған келіншек қиыншылыққа толы тағдыры артта қалып, әлеуметтік жағдайы жақсаратынына үлкен үмітпен қарайды.

Естеріңізге сала кетсек, 26 ақпанда, яғни, жексенбі күні Шымкенттегі №4 мектеп ішіндегі дәретхананың жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жарылыс салдарынан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі көз жұмған болатын.

Егер де марқұмның отбасына көмек қолын созамын деушілер болса, төмендегі байланыс нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

Әмина Тұрғанбаева: 8 775 418 87 98

«Қазпошта» АҚ-дағы есепшот нөмірі: KZ605631699AA0068003

QIWI әмиян нөмірі: +77718296671

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM