«Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болады» деп айтылатын Нұр-Сұлтанның оңтүстік бөлігіндегі жаңа мешітті салуға үлес қосқан бір топ жұмысшы айлықтың кешіктіріліп жатқанына шағымданды. Мешіт құрылысының аяқталуына аз қалған, бұған дейін ашылуы шілде айында болады деген хабар тараған.
21 сәуірде мешіт маңына жиналған отыз шақты жұмысшы наурыз айының жалақысын беруді талап етті. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, өткен айда «айлықты өсіруді талап еткеннен кейін отыз шақты жұмысшы жұмыстан қысқарып қалған».
— Осында істеп жатқаныма үш ай болды. Сондағы көргенім: айлық кешіктіріліп береді. Ереуілге шығып жүріп, айлығымызды зорға аламыз. Кеше айлықты сұрап келген едік, бастығымыз басқа жолмен қашып кетті. Бұған қоса бізді жұмыстан себепсіз шығарып жіберді, — деді Айжан Бейсембек есімді жұмысшы ақпарат құралдарына.
Жұмысшылар айлық кешіккендіктен пәтерақысын төлей алмай отырғанын, несиелерінің де уақыты өтіп кеткенін айтты.
– Былтыр қазан айында жұмысқа кіргенмін. Содан бері жалақы үнемі кешіктіріліп келеді. Күніне төрт рет санайды. Сонда да күндерің сәйкес келмей қалады. Айлық кесіледі. Әр айда 18-20 мың теңгеден қағыламыз. Орташа айлық 180-200 мың теңге. Соның өзін қысқартып тастайды. Өткен айда сағатына 600 емес, 700 теңге төлесін деп талап еткенбіз. Сол үшін бәрімізді жұмыстан шығарып тастады. Екі қолға бір күрес табылады. Ең бастысы айлығымызды берсін! – деді Ахметжан Толқынов есімді жұмысшы.
Оның сөзін өзге жұмысшылар да қостады. Олардың сөзіне қарағанда, олар құрылысы әлі аяқталмаған мешітте аралас жұмыс істеген.
Наразылық орнына Sembol Qurylys компаниясының өкілі Вагир Исаев келіп, жұмысшыларға «негізсіз» шағымданып отырғанын айтты. Ол «Альфа банк» істемей қалғандықтан жалақы жұмысшыларға уақытында жеткізілмей қалғанын айтты.
– Қазір «Альфа банктің» жабылуына байланысты бір проблема болып тұр. Жіберген ақшаны ала алмай отыр. Сол үшін басқа банктен есепшот аштық. Сол банк арқылы кеше жалақының жартысын тараттық. Бүгін қалған жартысын таратамыз, — деді ол.
Ал жұмысшылар компания өкілінің сөзіне күмәнмен қарап, жалақыларын күтіп, наразылық орнынан кетпей тұрды.
Компания басшылығы жұмысшыларды қысқарту себебін «жұмыстың азаюымен» түсіндірді.
2019 жылы наурызда отставкаға кетеріне бір күн қалғанда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев осы мешіттің іргетасын қалап, құрылысының ашылу рәсіміне қатысқан еді.
Сол кезде Назарбаев 30 мың адам сиятын мешітті сұлулығы және даралығы тұрғысынан «Орталық Азияда оған тең келер мешіт болмайды» деп мәлімдеген. Ақпаратқа қарағанда, мешітті түрік компаниясы салып жатыр. Мешіт шетел инвестициясына салынады деп айтылған. Бірақ қаражат көлемі айтылған жоқ.
KAZAKBOL.COM