Алматы облысындағы Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев Пенжім ауылындағы жанжалдан тағы бір тұрғынның – 53 жастағы ер адамның зардап шеккенін айтты.
«Жастар ауылда жүгіріп, тас лақтырған кезде, 1968 жылғы ер адамның басына тас тиіп, жарақат алған. Оған бардық, ауруханада жатыр, жағдайы қалыпты, дәрігерлер көмектесті» деді Өмірәлиев Tengrinews сайтына.
27 қазанда Пенжімдегі мектепте оқушылар арасында төбелес болып, 16 жастағы оқушы зардап шеккен. Дәрігерлер баланың жағдайы ауыр деп мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Басынан жарақат алған науқастың жалпы жағдайы ауыр. Бас сүйегі жарылған, миына қатты зақым келген, оң жақ самайында жарақат бар, 2-3-дәрежелі травматикалық шок алған. Есін біледі» деп хабарлады.
Ауылдағы оқушылар арасындағы төбелес кейін жанжалға ұласқан. Жанжал кезінде бір топ адам бірнеше үй мен көліктердің терезесін сындырған. Өртенген үйлер болғаны да хабарланды.
Бейсенбіге қараған түні әлеуметтік желіде тараған, «Пенжім ауылындағы жағдай» деп сипатталған бірнеше видеода түн мезгілінде көшеде топтасып айқайлап, әлдебір нысанаға кесек лақтырып жүрген адамдар, өртеніп жатқан ғимараттар, дабыл қосып, асығыс кетіп бара жатқан полиция көлігі көрсетілген.
Полиция оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс – «Екі және одан да көп адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
Қытаймен шекарадан 15 шақырымдай жердегі Пенжім (ұйғырша «бас ауыл» деген мағынада) ауылдық округінде 12 мыңнан астам адам, соның ішінде 7 мыңнан аса қазақ, 5 мыңға жуық ұйғыр тұрады.
KAZAKBOL.COM