Берілген фактілер бойынша тергеу жұмыстары жалғастырылуда.
Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының бір ауылында белгісіз ер азамат үйді тонап, ауыл сыртындағы тоғайда аяздан қайтыс болған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Аудан тұрғындарының хабарлауынша, белгісіз ер адам кіреберіс есіктің күршегін сындырып, үйден ұялы телефон және қысқы киімдерді ұрлап әкеткен. Кейін ол тоғайдан өлі күйінде табылған.
Павлодар облыстық ІІД агенттіктің жолдаған ресми сауалына берген жауабында аталмыш жағдайды растады.
— Ағымдағы жылғы 7-қаңтар күні сағат екі шамасында полиция қызметіне Ақтоғай ауданындағы ауыл тұрғыны белгісіз ер адамның кіреберіс есіктің күршегін сындырып, үйінен ұялы телефон және етік пен күпәйкені ұрлап әкеткені туралы өтініш түсірген, — дейді баспасөз қызметінде. — Осы факті бойынша жедел түрде іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, ҚР ҚК 149 және 188-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіле бастады. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде сол күні ауылдан алшақ емес ағаштардың арасынан өз өлімімен қайтыс болған 36 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша ер адам суық тиюден қайтыс болған. Тергеу барысында өтініш беруші қайтыс болған адамды ұрлық жасаған белгісіз ер адам ретінде таныды.
Берілген фактілер бойынша тергеу жұмыстары жалғастырылуда. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
KAZAKBOL.COM