Жеке кәсіпкер Бауыржан Сәбиковтың айтуынша, оның қарамағындағы 3 көлік жүргізушісі мамыр-қазан айлары аралығында еңбек еткен. Алайда, еңбекақысына қол жеткізе алмаған.
17 марта 2016, 10:07
«Павлодар – Астана» жолының «Спутник-Пограничник» учаскесінде жөндеу жұмыстарына құрылыс материалдарын тасымалдаумен айналысқан жүргізушілер былтырғы жылдың жазынан бері жалақы ала алмай жүр, деп хабарлайды Bnews.kz.
60-қа жуық жүргізуші маңдай терімен тапқан ақшасын ала алмай, түрлі мекеменің табалдырығын тоздырған. Сан соғып қалған азаматтардың айтуынша, «Унистрой-ПВ» компаниясы бүгінде жүзге жуық жұмысшыға 90 миллион теңге қарыз.
Жеке кәсіпкер Бауыржан Сәбиковтың айтуынша, оның қарамағындағы 3 көлік жүргізушісі мамыр-қазан айлары аралығында еңбек еткен. Алайда, еңбекақысына қол жеткізе алмаған.
«Ақсу ауылдық аймағындағы 14 шақырымдық «Спутник-Пограничник» жол учаскесіне құрылыс материалдарын тасымалдаумен айналыстық. Әр жүргізушіге айына 700 мың теңге төлену керек еді. Біз еңбек келісімшартын «Унистрой-ПВ» фирмасымен жасадық. Бұған дейін бірнеше құзырлы органға шағымдандық. Әзірге нәтиже жоқ», — дейді кәсіпкер.
Павлодар қалалық прокуратурасының аға прокуроры Ерлан Түлековтің айтуынша, қазіргі таңда жұмысшыларына жалақы бермеген фирмаға қатысты тексеріс жұмыстары басталған.
«Қазір облыстық еңбек басқармасымен бірлесіп, «Унистрой-ПВ» компаниясына қатысты тексеріс жүргізіп жатырмыз. Компания жұмысшыларға қанша қарыз екені әзірге белгісіз. Басшыларын заңды мекенжайынан таппадық», — дейді Е. Түлеков.
Айта кетейік, жұмысшылар компанияның кеңесіне барып, басшылармен кездеспекші болған. Бірақ, директор жұмыс орнында болмапты.
Фото: izvestia.ru
KAZAKBOL.COM