Фото: ratel.kz
Журналист Мөлдір Нұрманның Шымкент әкіміне ашына жазған мақаласы Matritca.kz интернет-порталында жария болды.
«Қасірет сайында кімнің ата-бабасының көміліп, қанша адамның атылғаны белгісіз. Белгілісі, ол қуғындалған қазақтардың қаны төгілген жер. Ол — зират. Ол сайда ашаршылық жылдары опат болған қазақтар да, Сталиннің қанды қылышынан да қырылғандардың сүйектері шашылып жатыр.
Сай болса да, осы уақытқа дейін жай жатқан жер еді. Ол жерге ешкім көз тіккен де, қызыққан да емес. Өйткені ол сайды жұрттың бәрі бабалар бейіті деп қадірлейді. Адам аяғы баспақ тұрмақ, мал да жайылмайды, онда. Қала әкімінің қалауы сол сайға түсіп қалғанын қараңызшы. Мен осы шаһар басшысына қайран қалам!», — деп жазады мақала авторы.
Журналист ой-шұқырлы жолдарға қаржы жұмсаудың орнына велосипедке арнап жаңасын саламын деген Ғабидолла Әбдірахымовты сынап тастады. Ол қала әкіміне: «Ойын-сауық орынын салғанша, шұрық-тесік жолдарыңдың жамап-жасқап ал», — деген кеңес айтты.
Оның айтуынша, бұл сайда марқұмдардың қалай өлгені мен көмілгенін көрген көнекөздер бар.
«Мынау жоба қариялардың «тәйт» дегеніне қарамай кәдеге асырылса, нағыз әруақтардың басына әңгір таяқ ойнатудың кері болайын деп тұр ғой. Атамның басы жатқан сайда нең бар еді, әкім мырза-ай!», — дейді «Қасірет сайының» болашағына алаңдаған журналист.
Шымкент қаласының әкімдігі бұл ақпаратты теріске шығарып отыр. Олар қуғын-сүргін жылдары опат болғандардың сүйегі жерленген жерге ешқандай құрылыс салынбайтынын алға тартты деп мәлімдейді Матрица порталына берген жауабында әкімдіктің баспасөз қызметі.
KAZAKBOL.COM