Шымкент ҚПД Еңбекші ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары аудан аумағында «Қайыршы» жедел-профилактикалық іс-шарасын ұдайы өткізуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қала аумағында тұрақты мекенжайы жоқ, қаңғыбас, қайыршылықпен айналысып жүрген тұлғаларды анықтап, арнайы қабылдап-тарату орнына жайғастыру. Сондай-ақ, іздеуде жүрген және есепте тұрған тұлғалардың тұрмыс-тіршілігін анықтау, тексеру, көші-қон заңнамасын бұзу жайттарын анықтау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
Жыл басынан бері Еңбекші ауданы аумағында ҚР ӘҚБтК-нің 449 бабы (қоғамдық орындарда бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру) бойынша аудан аумағында жалпы 378 (2021 жылы 227) азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Тұрғылықты мекенжайы жоқ және жеке басы анықталмаған 59 тұлға қабылдап-тарату орнына жеткізілген.
Сонымен қатар, іс-шара барысында, ішкі істер органы есебінде тұрғандар, оның ішінде пробациялық бақылауда жүргендердің тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді.
Айта өтер ақпарат, күнделікті кешкі уақытта көше қиылыстары мен базарлар аумағында, мешіттер алдында қайыршылық жасап жүрген азаматтарды болдырмау мақсатында ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторлары мен Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен бірлесе профилактикалық жұмыстар атқарылуда.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
KAZAKBOL.COM