Кулябта «Нонвойи Поён» мешітінің имамы Махмадсодик Саидов жұма намаз кезінде үкімет бұйрығымен айтылуы керек уағызды ақпарат құралдарына таратқаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл жөнінде Куляб аудандық сотының төрағасы Изатулло Табарзода хабарлады.
Тәжікстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері 28 наурызда 28 жастағы хатиб-имамды ұстаған. Ақпаратқа қарағанда, ол «Ислох» ақпараттық сайтына дін істері жөніндегі комитет әзірлеп жіберген уағыз мәтінін жолдаған.
«1 ақпаннан 4 наурыз аралығында Махмадсодик Саидов бірнеше рет сайт редакторы Мухаммадикболом Садриддинмен телефон арқылы сөйлесіп Facebook мессенджер арқылы дін істері жөніндегі комитет әзірлеген уағыз мәтінін жіберген. Ол сонымен бірге Кулябтағы жағдай туралы ақпарат жіберіп отырған», — деп атап өтті судья Табарзода.
«Ислох» – оппозициялық бағыттағы сайт. Ол Тәжікстанда тыйым салынған Исламның қайта жаңғыруы партиясына қолдау көрсетеді.
Сайттың бас редакторы Мухаммадикбол Садриддин имам Махмадсодик Саидовпен байланыста болғанын теріске шығарды. Оның сөзінше, уағыз мәтінін жіберіп отыратын мүлдем басқа имам. Ол қазір бостандықта жүр. Махмадсодик Саидов танымал діни қызметкер Домулло Холмурод Саидовтың ұлы. Әкесі сот шешіміне қарсы шағым беруден еш пайда жоқ дейді.
Ресми мәлімет бойынша, соңғы алты айда Кулябтың 6 тұрғыны Исламның қайта жаңғыруы партиясымен әріптестік орнатты деген айыппен әртүрлі мерзімге сотталған.
KAZAKBOL.COM