Тәжікстанда совет дәуірінен қалған әскери атақтарға балама іздестіре бастады. Тәжік үкіметінің тіл және терминология жөніндегі комитеті жақында арнайы топ құрды. Оған тіл мамандары, тарихшылар мен әскер қызметкерлері кірген.
Мамандар әскери атақтарды ғана емес, әскери бөлімдердің атауларын, әскери терминологияны мемлекеттік тілге аударады.
«Олар әскери атақтардың тәжікше нұсқаларын ұсынды: ефрейтор — радабон, кіші сержант — даставар, сержант — дастаёр, аға сержант — дастабон, старшина — сардаста, капитан – садавар, подполковник – лашкарёр, полковник – сарлашкар», — деді тіл комитетінің жауапты қызметкері Абдурахим Зулфониён. Оның айтуынша, мамандар бұл атауларды таңдау үшін Ахеменидтер, Сасанидтер және Саманидтер дәуіріндегі көне жазбаларды қараған.
Тіл комитеті жоғарғы офицерлік құрам — генерал-майор, генерал-лейтенант және генерал-полковник ұғымдарын әлі аударып болған жоқ. Бірқатар мамандар «генерал» атаған «солор» деп аударуды ұсынған, бұдан басқа да ұсыныстар болған, деді Зулфониён.
Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы отставкадағы генерал-полковник Сайдамир Зухуров генерал атағын аударудың қажеті жоқтығын, оны әлемнің көптеген елдері қолданатынын мәлімдеген.
Бұған дейін Тәжікстан билігі құжаттарда орысша фамилияларды қолдануға тыйым салды. Мемлекет басшысы Эмомали Рахмон ата тегіндегі орысша «ов» жалғауын 2007 жылы алып тастаған. Кейін көптеген шенеуніктер соны үлгі тұтты. Бірақ бірнеше айдан соң Тәжікстанның мыңдаған тұрғыны, негізінен еңбек мигранттары ата тегінің орысша үлгісіне қайта көшкен. Олар бұны Ресей полициясы мен жұмыс берушімен қиындыққа ұшырамау үшін жасаған. Өйткені орыстар тәжіктердің есімі мен тегін ажырата алмай қалған.
KAZAKBOL.COM