Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

Талғат Ермегияевтың оққағары бастығына сөмкелеп қалай ақша тасығанын айтты

KAZAKBOL.COM

EXPO-ның экс-төрағасы Талғат Ермегияевқа сөмкелеп ақша тасыған Саят Нәдірбаев бұған дейін айтылғандай жәй жүргізушісі емес, жеке оққағары екен.

Саят Нәдірбаевты Ермегияевтар өздері ұрлап, Алматыдағы таныстарының пәтерінде ұстап отырыпты, деп хабарлады КТК арнасы.

Тергеу материалына сүйенсек, ЭКСПО-ның экс-төрағасы қазынаның қыруар қаржысын үйреншікті сызба бойынша қымқырып келген. Бастапқыда халықаралық көрменің құрылысына бюджеттен 15 миллиард теңге бөлінген екен.

Талғат Ермегияев бұл соманы жалған тендерлер өткізіп, сыбайлас компанияларының шотына аударыпты. Сөйтіп, 10 миллиард теңгені талан-таражға салған. Өзі көзге түспес үшін ақшаны шоттан шешіп алуға сенімді адамы, әрі оққағары Саят Нәдірбаевты жұмсаған.

Куәгер ретінде жауап беру сәтінде оққағар, ақшаны қайда жеткізгенін жатқа соғып отыр. Тендерде бюджеттің миллиардтарын ұтқан кәсіпкерлердің бірі Ермегияевты ренжітпеген екен. Сол сөмке толы ақшаны Нәдірбаев басшысының Алматыдағы коттеджіне жеткізіп отырған.

«Бір күні Талғат мейрамханадан шықты да: саған бір кісі хабараласады деді. Көп ұзамай маған Марс деген бейтаныс жігіт қоңырау шалды. Келісіп, кездестік. Ол: көлігінің артқы орындығында жатқан пакетті ал. Ішінде 200 миллион теңге бар деді. Осылай, Макспен бірнеше рет жолығып, бума-бума ақша алдым. Түгел Талғатқа әкеліп бердім», — деді Ермегияевтің оққағары Саят.

Бастығының былығын әшкерелеп берген соң тергеушілер Саят Нәдірбаев бостандыққа қоя береді. Алайда, ол кейін жер жұтқандай ұшты-күйлі жоғалған.

Артынша оның әйелі: «құзырлы орган қызметкерлері күйеуімді қасақана ұрлап кетті» деп ақпарат құралдары арқылы шу шығарған болатын. Ал Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро мұның бәрін әдейі ұйымдастырып жүрген Талғат Ермегияевтың әкесі, елге танымал кәсіпкер, аз-кем билікте болған Амангелді Ермегияев деп отыр. Яғни , үлкен Ермегияевтің жиені – сол басты куәгерді Алматыдағы танысының үйінде жасырып келіпті.

Жеті айдан бері бас сауғалап жүрген Нәдірбаевты Ұлттық бюро қызметкерлері ақыры қолға түсірді. Ермегияев оққағарын қызғыштай қорғап, тергеушілерден жасырып ұстауының себебі бар. Өйткені, Саят Нәдірбаев соңғы 6 жыл бойы ЭКСПО-ға жетекшілік еткен экс-төрағаның үнемі қасында жүрген және бүкіл қылмысының куәгері. Кезінде, арнайы жасақта қызмет етіпті. Ал ақпарат құралдарын шулатып жүрген оққағардың келіншегі нақты айғақтарға қарамастан күйеуінің жазықсыз екеніне сенімді.

«Ермегияевты ұстаған кезді менің күйеуім үйде болған. Жұмыс іздеп жүрді. Жасырынып қалу деген оның ойында да болмады. Оны полицейлер 7 айдан бері таба алмай, енді сотқа бір апта қалғанда аяқ асты қолға түсірді», — деді Саят Нәдірбаевтің әйелі.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, «Астана-Экспо-2017» ұлттық компаниясының басшылығы осындай түрлі құйтырқы жолмен мемлекеттің миллиардтарын қалталарына басыпты. Талғат Ермегияев 4 миллиардты тек пара ретінде алған деп айыпталуда. Қазір ол Астанадағы пентхаусында үйқамақта отыр.

Ал басшысына сөмкелеп ақша тасыған Саят Нәдірбаев қазір Алматыда қамауда. Оққағарға ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып тағылған. Енді ол басқа сыбайластармен бірге сот алдында жауап береді. Егер Саят Нәдірбаев тергеу кезіндегі айтқандарынан айнып қалмаса, Талғат Ермегияевтың әлі талай былығы ашылуы мүмкін.


KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM