Ташкенттің Ұлықбек ауданында 4 қарашада ел премьер-министрінің ауызша нұсқауымен үш қабатты ғимарат сүрілді. Оны 28 жастағы кәсіпкер Мұхаммадбабур Хаджаевтың қаражатына «Unique arh project» компаниясы салған.
Ташкент қаласы әкімдігіндегі дереккөз премьер-министр Абдулла Арипов үш қабатты тұрғын үйді бұзуға тапсырма берген. Ол қалада жаңа құрылыстарда бірнеше адамның газбен улануы ашуландырған.
«Сол себепті премьер-министр Ташкент басшысына осындай тапсырма берген. Бұған қоса, үкімет басшысы осы инвестор салған басқа да құрылыстарды тексеруін тапсырды. Соның негізінде өткен сенбіде тұрғын үй сүрілді. Оған премьердің ауызша бұйрығы себеп болды», -деді қала әкімдігіндегі дереккөз.
Кәсіпкер Мұхаммадбабур Хаджаев «биліктің бассыздығы үшін бір түнде шашы ағарып кеткенін» айтты. «Менің құрылысқа рұқсат қағаздарым бар. Бірақ үйді сот шешімінсіз сүріп тастады», – деді ол.
Хаджаевтың айтуынша, үйдің сүрілуіне тұрғындардың бірінің газдан уланып өлуі себеп болған. «Оған біз кінәлі емеспіз. Пәтер сатып алған адам ондағы жылыту құбырларын ауыстырып тастаған», — деп ақталды Хаджаев.
Хаджаев биліктен үйдің сүрілу себебіне қатысты ресми жауап алуды көздеп отыр.
«Құрылыс барысында үнемі пара беруге тура келді. Мәжбүрлі түрде бес пәтерді милиция қызметкерлеріне бердім. Шенеуніктер менен үнемі «ақша сорумен» болды. Бұл құрылысқа мен 620 мың доллар жұмсадым», – деді кәсіпкер.
KAZAKBOL.COM