АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге салынған санкцияларды қайтарып алудың шарттаран атады. Ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында: «Ресей АҚШ мүддесі үшін Сирия мен Украинада кері шегінуі керек. Әйтпесе бұл мәселені қарастырмаймын» — деген.
Reuters агенттігіне берген сұхбатында Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі туралы да айтқан. Трамптың сөзінше, 16 шілде күні Хельсинкидегі жабық кездесуде Израильдің қауіпсіздігі, Сириядағы жағдай, Ресейдің Қырымды аннексиялап алуы сөз болған. Ол «Путин санкция мәселесін қозғамады» деген.
Вашингтон Мәскеуге 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялауы және Украина шығысындағы агрессиясы үшін санкция салған. Қазіргі уақытта Конгреске Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына араласуы оқиғасына байланысты жаңа заң жобасы түскен. Құжат Ресейдің дербес қарызына байланысты транзакцияға шектеу қоюды көздейді. АҚШ-та Ресейдің «Сбербанк», ВТБ, «Внешэкономбанк» және «Газпромбанк» секілді ірі банктерінің жұмыс істеуіне тыйым салу да қарастырылған.
KAZAKBOL.COM