Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ЖОЛ АПАТЫ

0 0

Түркістан облысында жол апатына түскен жолаушылар әлі күнге ауыр халде ауруханада жатыр. 14 адамның 6-уы жансақтау бөлімшесінде ем қабылдауда. Арасында ең ауыр соққы алған бір әйелдің денсаулығы тым нашар дейді дәрігерлер. Соған қарамастан, оны өлімнен арашалап қалу үшін барынша медициналық көмек көрсетілуде. Тағы бір жәбірленушіге шұғыл ота жасалған. Естеріңізге сала кетейін, күні кеше Шымкент пен Сарыағаштың арасында 4 көлік соқтығысып, бір машина жанып кеткен еді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұл күні кеше Шымкент пен Сарыағаштың арасында болған ірі жол апатының көрінісі. Түнімен жауын аралас қар жауып, ертесіне сәскеде 4 көлік бір-бірімен соқтығысқан. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, барлығы Сарыағаш бағытына қарай жүріп келе жатқан беті екен. Соққының ауыр болғаны сонша 4 машинадағы 14 адам жараланған.

Мына көріністі сол маңдағы куәгерлер түсірген. Видеода көлік түгілі, адамдардың әр жерде шашылып жатқанын байқауға болады. Зардап шеккендердің барлығы Сарыағаш, Жетісай және Шардара қалаларының тұрғындары екен. 2 әйел, қалғаны орта жастағы ер адамдар. Жәбірленушілер осы күні Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында ем қабылдауда. 6 адам жарақат бөлімінде, тағы 6-ы жансақтауда, оның ішінде бір әйелге шұғыл ота жасалыпты. Жағдайы ауыр көрінеді.

НАУШАРМАН БОРАНБАЕВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін, ол науқастың жағдайы тез арада анықталып, отаға алынды. Ішкі бауыры езілген. Қазір жағдайы ауыр, тұрақты».

Дәрігерлер, жол апатынан зардап шеккендердің денсаулығы біртіндеп түзеліп келе жатқанын айтты. Бірақ, науқастардың күйзеліске ұшырағанын алға тартып, палатаға кіргізбеді. Түркістаннан бір топ маман санавиациямен көмекке келіпті.

Жантүршігерлік жол апаты міне, осы жерде болған. Сарыағаш пен Шымкенттің арасы, Қазығұрт ауылы маңы. Келес өзені үстіндегі көпірде соқтығысқан. Қазір, оқиға орнында соқтығысқан көліктердің кейбір фрагменттері ғана жатыр. Ал, кеше жанып кеткен машинаның қаңқасы бұл жерде жоқ. Шамасы сараптамаға әкеткен болуы мүмкін.

Күні кеше тәртіп сақшылары жол апатының алғашқы болжамын айтып үлгерді. Ауа райының қолайсыздығы себеп дейді. Осы күні сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кеткен.

ҚАЙРАТ ДӘЛБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
«Көпірдің үстінде көктайғақ пайда болып, сол жол жүру ережесін сақтамаудың салдарынан бір-бірінің артынан соқтығысып, осындай жол-көлік оқиғасы орын алды».

Сарыағаш пен Шымкенттің арасында жиі жол апаты тіркелетіндіктен жұрт бұл маңайды «ажал трассасы» деп атап кеткен. Осыдан 2-3 жыл бұрын дәл осылай көліктер соқтығысып, бірнеше адам қайтыс болған еді. Арасында жас жұбайлар да бар-тын.

Первый канал Евразия

Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.