Қытай батысындағы Шыңжаң өлкесінің әкімшілік орталығы Үрімжіде коронавирус шектеулеріне байланысты наразылық өтіп жатыр. Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады. Видеолар 25 қарашада түсірілген деп айтылады.
Сондай видеолардың бірінде наразы жұрттың арнайы қорғаныш киім киіп, масқа таққан қызметкерлердің қоршауынан сытылуға тырысып жатқаны көрінеді. Видеоның түпнұсқалығын тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмады.
Британдық Financial Times басылымының жазуынша, наразылық көп қабатты тұрғын үйдегі өрттен кейін басталған. Өрттен кемінде он адам қаза болған. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа қарағанда, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар коронавирус шектеулеріне байланысты оқиға орнына дер кезінде жете алмаған.
«Есік жабық болғандықтан жұрт сыртқа шыға алмады. Тұрақта тұрған көліктер жолды жапқандықтан өрт сөндіру техникасы жете алмаған, себебі карантин кезінде жұрт көліктерін үйдің маңына қалдырып, өздері пәтерде отырады» деді Азаттыққа «Атажұрт еріктілері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ербол Дәулетбек.
Қытайдың мемлекеттік Синхуа агенттігінің жазуынша, Пекин өрт туралы ақпаратты терістеп, есік жабық болғаны жайлы интернетте тараған суреттердің бір бөлігін фейк деп атады.
Үрімжідегі оқиғаға байланысты наразылық шамамен үш жыл вирусты тежеуге белгілі бір дәрежеде көмектескен Қытайдың індетке байланысты қатаң тыйымдарынан жұрттың көңілі қалғанын білдіреді деп жазды Financial Times.
Коронавирус көбейген шақта Пекиннің қатаң шаралары дағдарыс кезеңіне тап болды. Кейінгі күндері Қытай билігі коронавирус жұқтырғандардың рекордтық көрсеткішін тіркеп жатыр. Қоғамда наразылық артты.
Сенбі күні Қытайда 32 мыңға жуық науқас анықталған. Пекин, Гуанчжоу және Чунцинде вирус ошақтары тіркелген.
Бұған дейін Чжэнчжоуда айфон өндіретін зауыт толық жабылып, соған орай наразылық өткен. Әлеуметтік желілерде Гуанчжоу өнеркәсіп қаласындағы тәртіпсіздіктер туралы видеолар да тарап жатыр. Мұнда тұтас аудандар карантинге жабылған.
Аты-жөнін атаудан бас тартқан Үрімжі тұрғыны үш айдан бері үйде отырғанын, бірақ 25 қарашада жүздеген адам қатысқан наразылық акциясына қосылғанын айтты. Ол карантинге байланысты достарынан қарыз сұрауға мәжбүр болғанын жеткізіп, «Карантинді алып тастаңыздар» деп ұрандаған наразылардың видеосымен бөлісті. WeChat’та Үрімжідегі наразылық туралы видео жариялағандардың көбі цензураға ұшырады деп жазды FТ.
Вашингтонда шоғырланған халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы кейінгі айларда коронавирус шектеулерімен байланысты ондаған наразылықты тіркеген.
KAZAKBOL.COM