Ерболат Қосымбаев. Фото: NUR.KZ
Осыған дейін 50 жастағы азаматтың интернатта тұрса да баласының тойын жасап бергенін хабарлаған болатынбыз. Апталдай азамат балалары алып кететін күнді күтіп, қарттар үйінде әлі тұрып жатыр.
Бірінші топ мүгедегі ұлының судан құтқарушы, келінінің мұғалім болып жұмыс істейтінін айтты.
Бірнеше жыл бұрын бұзақылар теміржолдың астына лақтырған Ерболат Қосымбаев әйелі мен баласына керек емес болып қалған. Жұмысқа жарамсыз болып, арбаға таңылған азамат 2008 жылдан бері мүгедектерге арналған интернатты паналап келеді.
«2006 жылы қалаға келіп жұмыс істедім. Төбелес кезінде менің ақшамды тартып алып, өзімді пойыздан лақтырып жіберді. Сол кезде машинист тоқтап, ажалдан құтқарып қалды. Теміржолдан аяғымды шығара алмай қалғанмын. Үстімдегі киімімді шешіп алып кеткен. Содан бері осы арбада отырмын. Әйелім болған, екі балам бар. Мүгедек болған соң әйелім тастап кетті. Сол кезде 40 жастан асқан едім. Қазір 50-ден кеттім. Әйелім Алматыда тұрады. Екі баламды да оқыттым, үйлендірдім», — дейді Ерболат Қосымбаев.
Интернатта бірге жататын қариялар Ерболат Қосымбаевтың асханада берілетін тәттілер мен жемістерді жемей, немересіне алып қоятынын айтады.
«Алдындағы тамағын жырып, балаларына алып қояды. Ақшасын да соларға беріп көмектесіп отыр. Бақпаған баладан не қайыр? Бұл «балаларым қашан келеді» деп екі көзі телміріп отырады», — дейді Тәжтәй Молдабеков.
«Қазір балам Ақтөбеде пәтер жалдап тұрады. Үйі болмаған соң оларға қиын. Балам үй алған соң қолыма аламын деп отыр. Оларға қиын болмасын деп өзім де мазалап отырған жоқпын. Немеремді сағынамын… Енді баламның баласы менің де балам ғой. Олар келгенде сағынып қауышамын. Үлкен балам шешесінің қолында болды. Алматыда оқыды. Осында келгенінде жүргізуші құжаты мен машина алып бердім. Жақсы адамдар көмектесіп, жұмысқа орналастырдым. Шағын тойын жасап бердім. Келінім мұғалім, үлкен балам судан құтқарушы болып жұмыс жасайды», — дейді ол.
Ол отбасымен қайта қосылар күнді армандап отыр. Елуден кеткен ел ағасын өмірінің ең қиын сәттерінде отбасына керексіз болып қалғанына күйінеді.
«Балаларыммен де, әйеліммен де хабарласып тұрамын. Жақында Алматыға барып келдім. Сол барғанымда әйеліммен кездестім. «Немерелеріміз бар, қосылайық» деп айттым. Ол ойланып қалды. Қосыламыз ғой… Баламның «үй алғанда алып кетемін» деген сөзінің өзі көңіліме медеу болып отыр. Бірінші үй алайық, сосын бірге болармыз деп ойлап отырмыз. Екі ұлым да жақсы, тәртіпті. Екеуі де тұрақты спортпен айналысады», — дейді балаларына шаң жуытпай мақтаған азамат.
KAZAKBOL.COM