Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев 24 сәуірде Исатай мен Махамбет алаңында өткен митингте берген уәдесін бұзбадым деп есептейді. Бұл туралы жергілікті Ақ жайық басылымы жазады.
19 мамырда облыстық әкімдікте ҚР Жер кодексіндегі өзгерістер бойынша Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Түрлі қатысушылар — партиялық функционерлер, еңбек сіңірген демалысқа енді шыққандар, мәслихат депутаттары, түрлі мемлекеттік және құқыққорғау органдарының өкілдері, түрлі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары және қала тұрғындарының бір тобы қатысты.
Тізім бойынша сөз алғандар мен тізімде жоқтардың сөздері бір-бірінен алшақ жатты. Алғашқылары бүкіл мәселені диалог алаңында, осы секілді отырыс жиындары мен комиссияларда шешу керек деп есептейді. 24 сәуірдегі рұқсат етілмеген митинг пен оған қатысқан адамдарға өткір айыптаулар айтылды.
Сөз алушылардың бір бөлігі наразылықтың мұндай түрі ақылға қонымсыз, тіпті қауіпті деп есептейді: «Біздің балаларымызға, жастарға қауіпті, олар өздерін алдап-арбап отырғандарын түсінбейді…»; «Алаңға әлдебір проблемалары барлар (бәлкім қаржылық проблемасы барлар) жұмыссыз қалғандар шықты. Митингті осындайлар бастайды, ал көпшілігі алаңға көңіл көтеру үшін барады…». Баяндама жасап дайындалған сөз алушылардың бірі «жерді жалға беру керек, онсыз болмайды, тек бақылау қажет» екендігіне сенімді.
Осы пайымдауға жауап ретінде Шаттық есімді әйел залдан сұрақ қойды:
– Ақтөбеде қытайлық компания жерді жалға алып, шлагбаум орнатты. Қазақстанның осы жерінен өткені үшін қытайлықтар көлік түріне қарай 775-тен 4 000 мың теңгеге дейін төлем белгіледі. Бұл туралы БАҚ-тар жазып, сюжеттер түсірді. Алайда қазақстандық мемлекеттік қызметкерлер ұзақ уақыт бойына бұл шлагбаумды алып тастай алмады. Менде сұрақ бар: сол қаржылар облыс бюджетіне қайтарылды ма?
– Бізде қазір мәліметтер жоқ, бірақ біз тексереміз, – деп жауап берді кеңесті жүргізіп отырған Қоғамдық кеңестің төрағасы Әнес Бсиенов.
– Иә, қазір жер сатылмайды, бірақ ертеңгі күні осындай арендаторлардан өз жерімізді қайтарып алатынымызға кепілдік бар ма? – деп сөзін жалғастырды Шаттық. – Сондықтан адамдар осы түзетулерге қарсы болып отыр. Бізге ешкім үндеу тастаған жоқ. Мен өзім сыныптастарыма да, әріптестеріме де, туыстарыма да шығыңдар деп үндеу тастаған жоқпын. Өйткені оларға бірдеңе бола қалса, жауапкершілік менде болар еді. Бұл әрқайсымыздың өзіміздің саналы таңдауымыз. 24 сәуірде мен Жаңаөзенді есіме алып, үйден ұлыммен және анаммен қоштасып шықтым. Оларды енді көре алмаспын деп ойлап, оған да дайын болдым. Бірақ бардым, мені ешкім ол жерге шақырған жоқ.
Митингке қатысқан қария Ғатау-Ғали БОХАН сөз алды:
– Заңды қайта қарау үшін үкіметке қайтару керек. Су, жер, жер қойнауы мемлекеттік басқаруда болуы тиіс. Бәрі Нұрекеңе (президент Нұрсұлтан Назарбаев) сілтейді: ол жасады, бұл мораторий… деп. Баптарды парламент бекітті, бұл жерде Нұрекеңнің не қатысы бар? Жасым 70-тен асты, 25 жыл бойы Нұрекеңнің не жасап жатқанын мен жақсы білемін. Жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды. 75 адамнан тұратын комиссия құру – мазақ қылғандық. 21 мамырда жастар акцияны жоспарлап отыр. Маған ешкім насихаттап, үндеу тастаған жоқ. Мен сәуірдегі митинг туралы күндізгі сағат 3-те білдім, бірақ бардым. Маған екі ескерту берді. Кеше прокурор шақырып алып, соңғы ескерту берді: мынадай баптармен соттаймыз дейді. Қазір-ақ соттаңдар. Қайда бара жатырмыз? Мемлекет өз халқына қарсы бола алмайды, бұл сұмдық нәрсе.
Залдағы жұрт Боханды жым-жырт тыңдады.
Отырысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев түйіндеді. Әкім жер кодексінің мәселелері маңызды екенін және кейінге қалдыруға болмайтынын, сондықтан өзінің диалог үшін қашан да ашық екенін мәлімдеді.
– Сізге Макс Боқаев пен Талғат Аянның есімдері таныс па?
– Иә, таныс.
– Ал олардың бүгін осы жерде неліктен жоқ екені де белгілі шығар?
– Иә, өйткені оларды қамауға алды.
– 24 сәуірде алаңда сіз қатысушылардың ешқайсысы зардап шекпейді деп уәде берген едіңіз. Кем дегенде 20-дан астам адам прокуратура мен ІІД-ге шақырту алды. Бүгінде үшеуі қамауда отыр. Бұлар митингке қатысқан сол адамдар. Бұл наразылық митингіне қатысқандары үшін берілген жаза ма?
– Мұның 24 сәуірде өткен митингпен еш байланысы жоқ. Иә, мен митинг қорытындысы бойынша ешкімнің қудаланбайтынын айттым. Олардың неліктен қамауға алынғаны туралы анықтама беріңіздерші, — деді әкім Атырау облыстық ІІД-нің жергілікті полиция қызметінің бастығы Нұрым Оразбаевқа қарап.
– 6 мамырда Макс Боқаев 21 мамырда орталық алаңда митинг өткізу туралы өтініш берді, — деп жауап берді залдан Оразбаев. – Ал 16 мамырда алаңның қалалық мәслихатпен бекітілген арнайы осы үшін бөлінген жерлер тізіміне кірмейтіндігіне байланысты Атырау қалалық әкімдігі оған рұқсат бермеді. Осыған қарамастан олар әлеуметтік желілерде митингке шақыруды жалғастыра берді. 17 мамырда оларға заң бұзып жатқандары туралы ескерту берілді. Заңсыз әрекеттерге жол бермеу туралы прокуратураның ресми ескертуіне қарамастан олар БАҚ-тар мен әлеуметтік желілер арқылы насихаттауды жалғастырды. Түстен кейін оларды ІІД-ге шақыртып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 468-бабының 3-тармағы («ҚР бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен олардың әрқайсысы 15 тәулікке қамауға алынды. Бүгінгі күні екеуі де бізде.
– Алайда шақыртуларды сәуірдегі митингте болған тұлғалар алып жатыр ғой.
– Бұл жерде 24 сәуірдегі мәселе қозғалып отырған жоқ. Бұлар азаматтарды фейсбук арқылы 21 мамырда митингке шығуға насихаттаған тұлғалар. Осыған байланысты біз оларды әңгімелесуге шақырамыз. Бірақ ешқандай материалдар толтырылған жоқ. Біз тек оларға заңсыз митинг үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, түсіндіреміз, — деді Оразбаев.