Мьянмада тасқын кесірінен елу мыңға жуық адам тұрғын-жайын тастап, басқа жаққа кетуге мәжбүр болған деп хабарлайды Reuters.
Агенттіктің хабарлауынша, бірнеше мың үй су астында қалған, бірнеше көпірді тасқын бұзып кеткен, елдің орталық аймағында көлік жолдары мен күріш өсіретін алқаптардың инфрақұрылымы бүлінген.
Құтқару қызметтері судың аса қауіпті деңгейге көтерілетінін ескертіп, өзен-көлдер мен су қоймаларына жақын жерде тұратын адамдарды тезірек қауіпсіз жерге кетуге шақырған.
«Қызыл крест» ұйымының жергілікті бөлімшесі тасқыннан зардап шеккен отбасыларына гуманитарлық жәрдем тарату және су басқан аймақтардан адамдарды қайыққа салып алып шығу жұмыстарын атқаруға кіріскен. Зардап шеккендерге БҰҰ-ның гуманитарлық миссиясы да көмектестіп жатыр.
Мьянма президенті Вин Мьинт су тасқынынан зардап шеккендер саны 100 мың адамға жетуі мүмкін деп мәлімдеген.
Мьянмада жыл сайын жауын маусымы кезінде тасқын мен көшкіннен мыңдаған адам зардап шегіп, инфқұрылымдарға зиян келеді. Соңғы рет 2015 жылы болған ең үлкен су тасқыны 330 мыңға жуық адамды көшуге мәжбүр еткен, жүзден астам адам опат болған.
KAZAKBOL.COM