Көрнекі фото: zygmantovich.com
Тәртіп сақшысы олжасын төрт жылдан бері бірге жүретін сүйіктісіне сыйлаған. Ал ғашығы алған сыйлықтарын базарға сатып, ақшаға айырбастаған.
Қазіргі уақытта №2 Ақтөбе қалалық сотта ұрлық жасаған полиция қызметкеріне қатысты куәгерлерден жауап алынып жатыр. Сотқа арыз түсірген Дана Есенбекова өзіне 5 миллион теңгеден аса шығын келгенін жазған.
«3 қараша күні қызым хабарласып, үйінің астан-кестеңі шығып жатқанын айтты. Полицияға хабарласып, туыстарымызға хабар бердік. Оқиға болған күннен кейін 3-4 күн өткенде ет пен балық алу үшін орталық базарға бардым. Көкөніс сататын жердегі дүңгіршіктердің бірінен өзімнің алтын білезігімнің тұрғанын көрдім. Көзіме оттай басылды. Сатушыдан сұрап, қолыма ұстап көрдім. Өзімдікі екенін таныдым. Келесі дүңгіршекті де қарадым. Ол жерден бір жыл бұрын сатып алған сырғамды таптым. Ойланбастан полиция қызметкерлеріне хабар бердім. Олар бірден келіп, тесеру жұмыстарын жасады. Сол жердегі бейне бақылаулар тексерілді», — дейді жәбірленушінің анасы.
Сотқа полиция қызметкерінің құрбысы да келіп, жауап берді. Ол алған сыйлықтарды өзі пайдаланбайтын болғасын базарға апарып, сатып жібергенін айтты. Тәртіп сақшысының пәтерін тінту кезінде алтын сырға мен білезік табылған. Масқара болған полиция қызметкері өз кінәсін мойындап отырған жоқ.
KAZAKBOL.COM