Қырғызстанның азаматтық қоғам өкілдері «заңсыз шешім шығарған» судьялардың тізімін дайындайды. Бұл туралы қазақ блогері Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы сот шешімі талқыланған дөңгелек үстелде белсенді Рита Карасартова мәлімдеді.
Карасартованың пікірінше, Бішкек қаласы Октябрь аудандық соты Тұңғышбаевты экстрадициялау туралы сот шешімін «заңдарды өрескел бұзу арқылы» қабылдаған.
«Біз заңды бұзған судьялардың «қара тізімін» жасаймыз. Біз олардың заң аясында жауапқа тартылуына бар күшімізді саламыз. Біз Жээнбеков (Қырғызстан президенті) келгенде, қол соқтық. Атамбаев (Қырғызстанның экс-президенті) кезіндегі тәртіпсіздік тоқтайды деп үміттендік. Бізді халықаралық аренада масқаралауға жол бермейтін жаңа адам келді деп ойладық. Бірақ біздің елде ештеңе өзгермеген екен», — деді белсенді.
25 маусымда Бішкек қаласы Октябрь аудандық соты қазақ блогері және белсендісі Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы Бас прокуратура шешімін заңды деп таныды. Тұңғышбаев қорғаушыларының арыздары қанағаттандырылмады.
Тұңғышбаев 10 мамырда Бішкекте ұсталды. 21 мамырда Бас прокуратура Тұңғышбаевты Қазақстанға беруді мақұлдады. Отанында белсендіге «қылмыстық топты қаржыландырды» және сот экстремистік деп таныған «бірлестікті ұйымдастырды және оның қызметіне қатысты» деген айыптар тағылған. Мұнда Тұңғышбаевтың бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы туралы әңгіме болып отыр. Қазақстан соты бұл ұйымға биыл наурыз айында тыйым салды.
Тұңғышбаев «ҚДТ қозғалысымен байланысы барын» жоққа шығарды. Ол өзін азаматтық белсенділігі үшін қудалауға ұшырағанын, Қазақстан билігі оған қысым көрсетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Тұңғышбаев халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарын өзін экстрадициялауға жол бермеуге шақырды.
KAZAKBOL.COM