Әлемнің назары Қытайдағы саяси лагерьлер мен мұсылман азшылықтардың қудалануына ауған шақта Қытай саясаткерлері мен дипломаттары елдегі «саяси лагерьлер» туралы айта бастады.
Қазанның 16-сы күні Шыңжаң үкіметінің төрағасы Шохрат Закир осындай орталықтардың арқасында аймақтағы жағдай діни экстремизмнен ада, «қауіпсіз әрі тұрақты» деп айтқан.
Закирдің айтуынша, мұндай орталықтарда азаматтар мандарин тілін (қытай тілінің ірі диалектісі — ред.) меңгеріп, заманауи ғылымдар үйренеді. Саяси лагерьлерді «тегін кәсіп үйрену орталықтары» деп сипаттаған шенеунік мұнда «мамандық жетілдірумен қатар, спорттық мәдени шаралар өтетінін де» айтқан.
Туыстары Қытайда ұсталғандар Алматыда БҰҰ кеңсесіне шағым тапсырды
Ал қазанның 15-і күні Қытай коммунистік партиясының жоғары шенді өкілі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы мұсылмандықты ұстанатын этникалық аз ұлттарға Қытайдың мәдениеті мен әлеуметтік нормаларын сіңіру саясаты оларды «діни экстремизмнен қорғау үшін» жүргізіп отыр деп айтқан.
Қытай коммунистік партиясының этникалық және діни мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы Ю Цюань таяуда Шыңжаңға барған сапарында аймақта «этникалық тұтастық пен діни үйлесім сақталуы үшін» Қытай мәдениеті мен әлеуметтік нормаларын енгізу жұмыстары жүргізілуі тиіс деген.
Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің «саяси лагерьлерге» жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.
Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі жағдайды адам төзгісіз деп сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен қамаудағыларды босатуды талап еткен.
HRW «Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек» деп кеңес берген.
KAZAKBOL.COM