Түркіменстанның Түркіменабад қаласында жергілікті төрт мектептің оқушылары арасында төбелес болған. Бұл жайында аймақтағы Азаттықтың түркімен қызметінің тілшісі хабарлайды.
«Төбелеске отыз шақты жоғары сынып оқушысы қатысқан. № 3, 24 және 26 мектеп оқушылары № 5 орта мектепке барып, жоғары сынып оқушыларын ұрысқа шақырған», -деп тілші куәгердің сөздеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар бірден полиция шақырған. Соның арқасында төбелесті дер кезінде тоқтатқан. Полиция № 5 мектептің төрт оқушысын ұстаған.
Түркіменабад тұрғындары соңғы уақытта жастар арасында төбелестің көбейіп кеткенін айтады. «Оқушылар арасында топ-топқа бөлініп төбелесу қалыпты жағдайға айналып кетті», — дейді мектеп мұғалімінің бірі.
KAZAKBOL.COM