Бішкектің Бірінші май аудандық соты Қырғызстанның бұрғынғы президентінің кеңесшісі Икрамжан Илмияновты сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сот шешіміне сәйкес, айыпталушы Илмияновты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) тергеу абақтысына қамау шарасы қаралған.
«Икрамжан Илмияновты ұсталған күні 48 сағат ішінде тергеу абақтысына жеткізілуі тиіс», — делінген қаулы көшірмесінде.
ҰҚМК Икрамжан Илмияновқа іздеу жарияланғанын хабарлады. 2018 жылдың маусым айында ол елден шығып кеткен екен, содан бері оралмаған. Оның қайда екені белгісіз.
Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының басшылығы бұрынғы президенттің кеңесшісінің қазір қайда екенін білмейді. Партияның ресми өкілі Құндыз Жолдубаеваның сөзінше, Илмиянов соңғы рет байланысқа 2018 жылдың жазында шыққан.
Жүргізуші лақап атымен танымал Икрамжан Илмиянов экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ең сенімді адамы. Атамбаев президент болған жылдары оның мансабы бірден өсті. 2010 жылы Атамбаев премьер-министр болып тұрғанда оның кеңесшісі болған. Кейін Атамбаев президент болып сайланғаннан кейін Илмиянов президент аппараты басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілген.
KAZAKBOL.COM